Азия чемпионатының айрықша ашылуы
Өскемендегі Б.Александров атындағы спорт сарайында волейболдан әйелдер клубтары арасындағы Азия чемпионаты басталды.
Аталмыш спорт нысанының түгелдей заманауи құралдармен жабдықталуы аймақтағы волейбол спортының даму қарқынын айғақтайды.
Былтыр шаһарда волейбол жарысы ауыз толтырып айтарлық деңгейде өткен еді. Биыл да Азиялық волейбол конфедерациясы облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасын қолдай отырып, сайысты екінші рет өткізуді сеніп тапсырды. Аймақ басшысы чемпионаттың алғашқы күні-ақ, бірден екі ойынды тамашалады. Алғашқы дода былтыр чемпион атанған тайландтық «Суприм» мен Қытайдың «Цзяньсу» арасында өтті. Тайланд клубы еш қиындықсыз 3:0 есебімен жас ойыншылардан жасақталған қытайлық «Цзяньсу» командасын тізе бүктірді. Ал келесі ойында өскемендік аруларымыз «Алтай» волейбол ұжымы ирандық «Пайканнан» 3:0 есебімен басым түсті. Шығысқазақстандық арулар ойынның фавориты саналғанмен, ирандықтар жоғары деңгейлі ойын көрсетуге бекініп келгендіктерін бірден аңғартты. Олар негізінен допты қабылдау кезінде сауаттылық танытты. Тіпті, біздің ойыншылар әр техникалық үзіліске тек 2-3 ұпай айырмашылығымен ғана шығып жатты. Дегенмен, Юрий Панченко бастаған бұрымдыларымыз ойынды үнемі бақылауда ұстап, қарсыластың адымын аштырмады. Қорытынды есеп – 3:0 (25:18, 25:16, 25:17), сенімді жеңіс.
– Ойын ойдағыдай өтті деп айта алмаймын, – деді ойын соңында клуб капитаны Сана Анарқұлова. – Аздаған қобалжу, эмоциялар кедергісін келтірді. Өз алаңында әр команда тек жоғары деңгейлі ойын көрсеткісі келетіні белгілі, осыдан барып қателіктер де болып жатады. Келесіде бұдан да жинақы, әрі сапалы ойын көрсетерміз.
Сөзсіз, жиналған жұрт сайыстың ашылу салтанатын асыға күтті. Сегіз шетелдік ұжым, одан бөлек, алаң қожайындары шығысқазақстандық «Алтай» командасы кезекпен сап түзеді. Спорт сарайының үлкен залында ине шаншар орын болмағаны қуантты. Жанкүйерлер барлық қатысушыны зор қошеметпен қарсы алды. Еліміздегі волейбол федерациясының Президенті Нұртай Абыкаев командаларға сәттілік тілеп, шараның өткізілу деңгейіне жоғары бағасын беріп өтті.
– Мұндай маңызы зор жарысты елімізде биыл екінші рет өткізу біз үшін үлкен қуаныш. Одан бөлек, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бұқаралық спортқа деген қолдауы ерекше екені өздеріңізге де мәлім. Чемпионат соңына дейін талай тартысты ойындардың кәуәсі боламыз деген сенімдемін, – деді Нұртай Абыкаев.
Айта кету керек, «Алтай» командасының келесі кездесуі шілденің 13 күні қытайлық Тайпейдің чемпионы «СMFC»-ке қарсы сағат 19:00-де Б.Александров атындағы спорт сарайында өтеді.